Астанада Кеңес Одағының Батыры, көрнекті жазушы М.Ғабдуллиннің 100 жылдығы тойлануда (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Кеңес Одағының Батыры, көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, әдебиет зерттеуші Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
"Мəдениет жəне спорт министрлігі белгілі мəдениет қайраткерлері мен қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын жоғары деңгейде атап өтеді. Биыл Кеңес Одағының Батыры, тамаша жазушы Мəлік Ғабдуллиннің туғанына жүз жыл толды. Айта кетерлігі, даңқты батырдың жүз жылдығы еліміздің барлық өңірінде тойланды. Енді, міне, бүгін Астанада жазушының жүз жылдығына орай салтанатты кеш, ғылыми практикалық конференция, сондай-ақ жазушы жазған кітаптардың көрмесі өтеді. ҚР МСМ Мəдениет жəне өнер істері жөніндегі департамент директорының орынбасары Нұрболат Ахметжанов.
Мәлік Ғабдуллин - қазақ әдебиетін, педагогикасын ғылыми тұрғыда зерттеу саласында көп еңбек етіп, өркендеуіне елеулі үлес қосқан қазақтың көрнекті жазушысы, педагог-ғалымы. Ұлы Отан соғысында көрсеткен аса жоғары жауынгерлік ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған жазушы қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып соғыс жанрындағы шығармалар жазды. Оның "Менің майдандас достарым", "Алтын жұлдыз", "Майдан очерктері", "Сұрапыл жылдар" атты кітаптарына енген әңгіме, очерктері майдан өмірі, жауынгер тұлғасы, кеңес үкіметінің адамдарының соғыс кезіндегі қаһармандық бейнесі суреттеліп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар болып табылады.
Аталған шара барысында ғылыми-практикалық конференция, кітап көрмесі және салтанатты концерт өткізу жоспарланған.