Елордада кезекте тұрған 535 азаматқа жалдамалы пәтердің кілті табысталады
АСТАНА. KAZINFORM — Жуырда елордалық тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында 535 жалдамалы пәтер үлестіріледі.
Orken Otbasy Bank тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының мәліметінше, бұл мақсатқа Есіл ауданындағы Orman Park тұрғын үй кешенінен 362 бір бөлмелі және 173 екі бөлмелі пәтер дайындалған.
Пәтерлерді бөлуге әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар, мемлекеттік қызметшілер және баспанасы апатты деп танылған тұрғындар қатысады.
Орталықтың хабарлауынша, үміткерлер 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарламаны күтуі қажет. Хабарлама алғаннан кейін азаматтар бес жұмыс күні ішінде ұсынылған баспанаға келісетінін немесе бас тартатынын шешуі тиіс.
Ол үшін ЭЦҚ арқылы baspana.otbasybank.kz порталында авторизациядан өтіп, жеке кабинеттегі «Жалдамалы тұрғын үй» бөлімінде өз шешімін растауы қажет.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, пәтерлердің 70%-ы әлеуметтік осал топтарға беріледі. Олардың қатарында ардагерлер, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, жесірлер, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Соның ішінде бөлінетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің 20%-ы жетім балаларға қарастырылған. Ал қалған 30% пәтер өзге кезектегілер мен мемлекеттік қызметшілер арасында үлестіріледі.
Еске сала кетейік, Алматыда бір бөлмелі пәтерге 990 адамды тіркеген тұрғын сотталды.