Астанада ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының форумы өтіп жатыр
Форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы құрамына енетін отандық тауар өндірушілердің, қолөнершілер мен жас стартапшылардың өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары - Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Владимир Божко, Юрий Тимощенко, Альберт Рау, сонымен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
«Мәселелеріңізді талқылап, жаңа жобаларымызға зер салып, ортамызға жаңа адамдарды тарту үшін сіздермен бас қоспағанымызға біраз болып қалыпты. Кездесудің маңызы өте зор, өйткені ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының бірлігі мен келісімі халықты нақты істердің маңайына топтастырады. Әрине, мұнда бірнеше іскерлік және әлеуметтік жобалар ұсынып отырған белсенді бизнесмендер бар екендігін атап өткім келеді. Ол адамдардың әлеуметтік тұрғыда жауапкершілігі мол», - деді форум барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко.
Оның айтуынша, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығын жастар үшін тағы бір әлеуметтік лифт ретінде қарастыруға болады.
«Бұл залда жастар көп отыр. Қауымдастық мүшелері - тәлімгерлер, студенттер мен мұғалімдер арасында нақты серіктестік бар. Менің ойымша, бұл - біздің болашағымыздың маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта қауымдастық ұжымы Қазақстанға инвестициялар тарту бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырып, шетелдік бизнес-құрылымдардың қатысуымен тың жобаларды қолға алды. Жыл сайын жобалар қоржыны салмақты болып келеді. Бүгінгі таңда қауымдастық ынтымақтастықтың халықаралық деңгейіне сенімді түрде жетіп, шетелдік іскер серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандум жасасуда», - дейді Леонид Прокопенко.