Астанада кіші ғылым Академиясы құрылды
Меморандум аясында қос тарап «Дарын» лицейі базасында кіші ғылым Академиясын құруға уағдаласты.
«Мәскеу болат және қорытпа институты кіші ғылым Академиясын қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықтауды өз мойнына алып отыр. Академия дарынды балаларды ғылыми-зерттеу жұмысқа жұмылдыру, олардың шығармашылық қабілеті мен танымдық белсенділігін арттыру, мамандығын саналы түрде таңдауға септесу сияқты бірнеше мақсатты көздейді. Жоба аясында ғылыми-зерттеуге ынталанған жас білімпаздар бірлестіктері құрылып, ғылыми-практикалық конференциялар, байқаулар мен олимпиадалар өтеді. Сондай-ақ, арнайы дәрістер, тестілеу, оқушылардың білім деңгейін көтеретін семинарлар ұйымдастырылады», - делінген Дарын мектебінің баспасөз қызметі жіберген хабарламада.
«Мәскеу болат және қорытпа институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университеті - әлемдегі іргелі ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Құрылғанына биыл 100 жыл толып отырған ірі оқу ордасының құрамында 9 институт бар. 2015 жылы ашылған «Дарын» лицейінде қазірде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқитын 615 оқушы білім алады.