Астанада кісі өлімі бойынша полицей мен медицина қызметкерлеріне үкім шықты
Іс бойынша төрт адам айыпталып отыр. Олар - полиция сержанты Берік Мырзабеков пен Астана қаласындағы Медициналық-әлеуметтік оңтайландыру орталығының қызметкерлері - Саят Сатын, Фархат Қамбетов және Сұңғат Темірғалиев. Полиция қызметкеріне «қызмет өкілеттігін асыра пайдалану» және «абайсызда кісі өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр жарақат салу» айыбы тағылса, медициналық орталықтың фельдшері мен санитарлары «абайсызда кісі өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр жарақат салу» бабы бойынша айыпталуда.
Биылғы жылдың көктемінде Николай Кривенконы достары қонаққа шақырған. Ащы судан тартына қоймайтын жиырма тоғыз жастағы жігіт отырыстың орта тұсында шатақ шығарып, қасындағылар оны таза ауаға алып шығады. Біраз уақыттан кейін ол үйіне қайтіп кетеді. Жеті түнде Бауыржан Момышұлы даңғылы бойындағы аулада тұрған автокөліктердің фаралары бірінен соң бірі сынып, әйнектері шағыла бастайды. Тұрғындардың дабылы бойынша жедел жеткен тәртіп сақшылары қолындағы білектей темірді айнала сілтеп, айқай салып жүрген Н.Кривенконы ұстап, айықтырғышқа жеткізеді.
Тәртіп сақшысы мен айықтырғыш қызметкерлерінің айтуынша, ол былапыт сөздерді айтып, айнала қолын сермеген. Қарсылық танытқан оны сабасына түсіру үшін шарасыздан күш қолдануға мәжбүр болған. Осы сәттің кейбір тұстары мекемедегі бейнекамераға жазылған. Ол сотта айғақ ретінде көрсетілді. Сол бейнежазбада қолына кісен салынған Николай Кривенконың аяғы да кендір жіппен маталып тасталғаны анық байқалады.
Кейін анық көрінгені - біраз уақыт өткенде Н.Кривенконың қол-аяғы босатылады да, ол темір торлы камераға отырғызылады. Осы кезде қолы босаған Николай Саятты ұрғылай бастайды. Ашуға булыққан фельдшер мен полиция сержанты оны еденге алып ұрып, тепкілейді.
Соққылардан кейін Н.Кривенко айықтырғышта көз жұмады.
Анықталғандай, марқұм базардан жалға контейнер алып, құрылыс материалдарын сатумен айналысқан.
Сот бұрынғы полиция сержанты Берік Мырзабековті 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал Медициналық-әлеуметтік орталықтың фельдшері Саят Сатын мен санитарлар - Сұңғат Темірғалиев пен Фархат Қамбетовке 8 жылға кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ