Астанада қысқа мерзімді оқыту мен гранттар беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Омар Олжас мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтарға сұранысқа ие дағдыларды қысқа мерзімде меңгеруге мүмкіндік беретін оқыту бағдарламаларына басымдық беріліп отыр.
– Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 1 айдан 6 айға дейін созылады. Оқыту оқу орталықтарында да, жұмыс берушілердің өтінімі бойынша тікелей жұмыс орындарында да ұйымдастырылады, – деді ол.
Спикердің сөзінше, оқу орталықтарында оқитын азаматтардың шығыны мемлекет есебінен өтеледі.
– Бұл жағдайда қатысушыларға 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді, ал жұмыс орнында оқығандар 86 500 теңге жалақы алады, – деді орталық басшысы.
Сонымен қатар оқыту процесіне заманауи тәсілдер енгізіліп жатыр.
– Қазіргі таңда VR технологиялары қолданылып, өндірістік үдерістерді модельдеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді. Оқыту дәнекерлеу, кондитерлік, токарлық, слесарлық іс, сондай-ақ еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бағыттары бойынша жүргізіледі, – деді ол.
Оның айтуынша, жұмыспен қамту шаралары кәсіпкерлікті қолдаумен қатар жүзеге асырылып жатыр.
– 2026 жылы әлеуметтік осал топтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 260 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткіш, ол қайтарымсыз негізде ұсынылады, – деді ол.
Айта кетейік, елордада 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.