Астанада қызылша жұқтырған 4 бала ауыр хәлде жатыр
Елордада қызылша инфекциясын жұқтырған 4 бала реанимация бөлімінде жатыр. Бұл туралы қалалық №3 көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Роза Өтегенова мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қаңтар айының басынан бүгінге дейін 100-ге жуық бала қызылшадан емделіп шықты. Қазір реанимация бөлімінде 4 бала жатыр. Олар қызылша жұқтырғанға дейін есепте тұратын, диагнозы бар балалар. Оның үстіне екпе алмағандықтан қиынға соғып жатыр», - деді Роза Өтегенова Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Маманның мәлімдеуінше, көптеген фактор халықтың қызылшаға қарсы иммунитетінің әлсіздігінен.
«Елордада өткен жылғы 6 қарашадан бастап бүгінге дейін 36,5%, яғни 44 800 бала екпе алды. Сонымен қатар ревакцинация жүргізіп, балаларға уақтылы екпе салу қажет», - дейді ол.