Астанада «Классикалық зерттеулер» сериясының 12-23 томдары, «Абай» және «Жамбыл» кітаптарының тұсауы кесілді

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Классикалық зерттеулер» сериясының 12-23 томдары және «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Абай» мен «Жамбыл» кітаптарының тұсауы кесілді.

Астанада «Классикалық зерттеулер» сериясының 12-23 томдары, «Абай» және «Жамбыл» кітаптарының тұсауы кесілді

Бұл кітаптар ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2012-2014 жылдарға арналған «Ғылыми қазына» нысанды бағдарламасы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының күш салуымен жарық көріп отыр. Институт былтыр «Классикалық зерттеулер» сериясының 11 томын оқырманға тарту еткен болатын.

«Классикалық зерттеулер» сериясының негізгі мақсаты - қазақ фольклортану, әдебиеттану және өнертану салалары бойынша бұрын басылған, бірақ қазір қолжетімсіз отандық ғалымдардың таңдаулы еңбектерін жарыққа шығарып, насихаттау» - деп атап өтті салтанатты жиында аталған институт директоры Уәлихан Қалижанов.

«Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша шыққан «Абай» кітабы белгілі абайтанушы ғалымдардың ғылыми еңбектері негізінде дайындалса, «Жамбыл» атты ғылыми-танымдық кітаптың авторы - ф.ғ.д., ҰҒА мүше-корреспонденті У. Қалижанов.

Кітаптар «Әдебиет әлемі» баспасынан басылып шықты.