Астанада қобыз бен домбыраны біріктіретін аккустикалық жүйе таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында астаналық компаниялардың бірі қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының түрінде аккустикалық жүйе ойлап тапты. Жаңалыққа жаны құмар жандардың ең бірінші туындылары домбыра мен қобызды біріктіретін арнайы дыбыс күшейткіштер болды, деп хабарлайды BNews.kz.
Appazov Design компаниясының жетекшісі Станислав Аппазовтың пікірінше, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлері шеберлікке толы және олар осы елде тұрып жатқан барлық халықтардікіне ұқсас.
«Біз дайындаған туынды бұл кезінде көптеген ұлттарды бауырына басып, өзі туған жерді олардың да туған өлкесіне айналдыра білген халықтың мәдениеті мен өнеріне деген құрмет деуге болады. Қазақтардың ұлы мұрасы бүгінде барлық қазақстандықтар үшін түсінікті. Біз де бүгін қалың көпшіліктің назарына қазақтың ұлт аспаптарының заманға сәйкестендірілген дыбыс жүйесін ұсынып отырмыз. Соңғы үлгідегі материалдар мен технологиялар ұлттық аспаптарды пішіні жағынан ғана үйлестіріп қоймай, оларды заманауи гаджеттерге де ыңғайластыруға мүмкіндік беріп отыр. Өзіміздің шығармашылық туындымызды біз Қазақстан халқына арнаймыз және болашақта осы ашық-жарқын мінезді халықтың арасынан түрлі инновациялық және дамыған идеяларды бірлесіп жүзеге асыруға қолдау көрсететін көптеген азаматтар табылады деген ойдамыз»,-деді Станислав Аппазов.
Авторлардың айтуынша, қазақ аспаптарының түріндегі аккустикалық жүйе түрлі ағаштардың сұрыптарынан және пластиктен дайындалған. Оның ішінде қандай дыбыс жүйесі болатыны әзірге белгісіз. Ерекше гаджетті бағасының қандай болатыны да әзірге құпия.