Астанада Қоғамдық кеңестердің алғашқы республикалық мәжілісі өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетсек, 2016 жылы "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың нысаны ретінде Қоғамдық кеңестер құрылған еді. Қоғамдық кеңестер - халық пен билік арасын дәнекерлеуші, билік пен қоғамды байланыстырушы құрылым. Олар әкімдер мен министрлердің есептерін тыңдап, сан алуан мәселелерді шешуге атсалысады.
Бүгінгі мәжілісте қоғамдық кеңестер тәжірибесі және мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесу тетіктері талқыланатын панельдік және пленарлық отырыстар өтеді. Оған ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел және қоғамдық кеңестер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым басшылары, жалпы саны 500 делегат қатысуда.
Шараның ашылу салтанатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып берді.
"Баршаңызды қоғам, Парламент және атқарушы билік өкілдерінің басын біріктірген І республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісінің өтуімен құттықтаймын. Бүгінгі таңда "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында түрлі деңгейде 229 Қоғамдық кеңес құрылды, олардың құрамында 4 мыңнан астам адам қызмет етеді. Қоғамдық кеңестер қызметі мемлекеттік органдардың жұмысында ашықтық пен билікке деген сенім деңгейін ұлғайтуға, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалар туралы жариялылықты арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға кеңінен қатысуына мүмкіндік берді. Бүгінгі мәжілістің сындарлы ой мен салиқалы пікір алмасу, тәжірибе бөлісу алаңының бастауы болатынына үлкен үміт артамын. Республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерді дамытуға үлес қосып, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімді жұмыс істеуіне жаңа серпін беретініне сенімдімін", - делінген құттықтау хатында.
Атап өткен жөн, Қазақстанда республикалық және жергілікті деңгейде 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді (16 республикалық, 213 өңірлік). Қоғамдық кеңес құрылған сәттен бері 213 облыс, қала және аудан әкімдерінің, 16 орталық және 1300-ден астам жергілікті атқарушы орган басшыларының есептері тыңдалды, 600-ден астам өзекті мәселелер қоғамдық тыңдаулардан өткен және 9 мыңнан астам нормативті актілер жобаларына ұсыныстар енгізілген.
Бүгін І республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісінің қорытындысы бойынша қатысушылардың нақты шешімдері мен ұсыныстары негізінде арнайы қарар қабылданады.