Астанада қоғамдық көлік әйелді қағып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Астанада жолаушылар автобусы  әйелді қағып кетті. Ауруханаға жеткізілген зардап шегушінің жағдайы қазір тұрақты екені белгілі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Астана LRT» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада қоғамдық көлік әйелді қағып кетті

Айта кетсек, қоғамдық көлік қаққан әйел туралы куәгерлер әлеуметтік желіде жазған болатын.

«Астана LRT» компаниясы жол-көлік апаты туралы мән-жайды айтып берді. Компания келтірген ақпаратқа сәйкес, оқиға бүгін сағат 07:30 шамасында болған. Сағатына 32 шақырым жылдамдықпен Гете көшесінде келе жатқан №37 автобус жолдың рұқсат етілмеген тұсынан өтпек болған әйелді қағып кеткен.

«Айта кетерлігі, жаяу жүргіншілер жолағы 30-40 метр жерде болған. Әйел  бірден ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы тұрақты. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері мән-жайды анықтады», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, автобус жүргізушісі компанияда еңбек еткеніне 10 жылдан асқан. Автопарк тарапынан оның жұмысына ешқандай ескертулер жасалмаған. Жүргізуші әдеттегідей, таңертең медициналық тексерістен өтіп, рейске жіберілген.

«Тергеу амалдары аяқталғанша жүргізуші жұмыстан шеттетілді», - деп хабарланды Астана LRT» компаниясынан.