Астанада қоғамдық көлік қызметінің сапасы артады

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Халқының саны 800 мыңнан асқан Астанада 700 мыңға жуық тұрғын қоғамдық көлікпен жүреді. Қалада әзірге 8 автопарк 941 автобус бар. Биыл қосымша тағы 350 жаңа автобус сатып алу көзделген. Ал тозығы жеткен автобустар толықтай қолданыстан шығарылмақ, деп хабарлады елорданың ресми сайтынан.

Астанада қоғамдық көлік қызметінің сапасы артады

«Қалада таңертеңгі әрі кешкі уақытта автобустар көшедегі көлік кептелісінің салдарынан кестеден кешігеді. Оның үстіне аз-кем автобус жетіспеушілігі бар. Сондықтан кедергілерге тап боламыз. Бұл мәселені шешуде бірқатар жұмыс атқарылуда. Жаңа автобустардың алғашқы топтамасы бірінші жартыжылдықта келуі керек. Сонда мәселе едәуір жеңілдейді деп ойлаймын», - деді Астана қаласы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің басшысы Әбдіхамит Тамабаев.

Жаңа автобустарда жол ақысын қолма-қол емес, электронды түрле төлеу қарастырылуда. Бұл жол ақысына әсер етпейді. Сондай-ақ, газбен жүретін бұл көліктерде мүгедектер мүмкіндігі де ескеріліп, олардың автобуспен қатынауына жағдай жасалған.

Қандай ірі қала болмасын, көлік кептелісін айналып өткен емес. Халық саны артып, жеңіл көліктер көбейген сайын Астана көшелері де тарлық етуде. Бұл мәселені шешуде айналма жолдар салынып, көше қиылыстары кеңейтіліп жатыр. Ал жылдамдықты асырып, қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізушілермен қатаң күрес жүргізіледі.