Астанада көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы тұтынудан 10 есе аз - АШМ

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астананың ішкі тұтыну қажеттіліктерін толтыру үшін шамамен 100 мың тонна көкөніс өнімін сақтауға алу керек.

Астанада көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы тұтынудан 10 есе аз - АШМ

Бұл туралы бүгін елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру аясында салынған «Астана Агро-АА» ЖШС-нің көкөніс қоймасына сапармен барған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев мәлім етті.

Оның айтуынша, Астанада қазіргі таңда жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын 5 көкөніс сақтау қоймасы бар. Алайда бұл көлем елорданың тұтыну деңгейінен әлдеқайда төмен болып отыр. Соның салдарынан Астанада қысқы-көктемгі маусымдарда көкөністердің бағалары тым шарықтап кетіп отырады.

«Есеп мәліметтері бойынша, Астананың ішкі тұтыну қажеттіліктерін толтыру үшін шамамен 100 мың тонна өнімді қысқы сақтауға алу керек», - дейді М. Өмірияев.

«Қазақстан қазіргі уақытта өзінің ішкі тұтынуына қажетті көкөніс көлемін өсіріп, өндіріп жатыр. Бірақ бар мәселе оны сақтау көлемінің аздығында. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» қаржылық құралдары арқылы көкөніс сақтау көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жасауда», - деп атап көрсетті ол.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанда соңғы 3 жыл ішінде жалпы сыйымдылығы 42 мың тонна болатын 10 көкөніс сақтау қоймасы салынды. Жақын болашақта тағы 8 қойма пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы «ҚазАгроҚаржы» арқылы бұл мақсаттарға 94 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, елде 661,4 мың тонна өнім сиятын 677 көкөніс сақтау қоймасы бар.