Астанада көкпардан I Ашық Азия чемпионаты өтеді
АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда ұлттық ойындарымызды халық арасында кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ойынның техникасы мен шеберлігін игеруге жастарымыздың қызығушылығын ояту аса маңызды болып отыр. Осы орайда ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы елімізде республикалық, халықаралық жарыстарды ұйымдастырып келеді. Қауымдастық биылғы жылы қыркүйек айының 10-15 аралығында елімізде тұңғыш рет Көкпардан I Ашық Азия чемпионатын өткізеді.
Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Көкпар ойыны түрік халықтарына ортақ болғандықтан, оны бірлесіп дамыту, халықаралық спорт дәрежесіне жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы биылғы жылы қыркүйектің 10-15 аралығында Көкпардан I-ші Ашық Азия чемпионатын өткізуді өз қолына алды. Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған чемпионатқа Азияның 8 мемлекеттері: Ауғанстан, Қырғызстан, Монғолия, Түркия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері қатысып, 4 күн бойы өзара бақ сынасады.
Қауымдастық ұйымдастырып отырған чемпионаттың ашылу салтанаты үлкен мерекелік іс-шара ретінде ұйымдастырылып, оған еліміздің лауазымды тұлғалары мен зиялы қауымы қатысады. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер ұйымдастырылып, қазақтың спорт шеберлері қатысатын шеру ұйымдастырылады.