Астанада «Көктемнің ізгі күндері - 2015» патриоттық акциясы өтеді

Акция Оқушылар сарайының фойесінде «Далалық пошта» - «Ардагерге жазылған хаттар» атты шарадан басталады. Бұл пошта арқылы оқушылар ардагерлерге өздерінің ниет-тілектерін жеткізеді. «Далалық поштаның» жанында әрдайым жедел кезекшілер тұрады. Сонымен қатар, фойеде соғыс жылдарына арналған фото көрме ашылады, онда зұлмат жылдардың көрінісі ретінде ескі фотоларды ғана емес, сол уақытта пайдаланылған заттарды да (ескі фотоаппарат, патефон, ескі фотоальбомдар) тамашалауға болады. «Замандас» жастар халық театрының шәкірттері акцияға қатысушыларды суретке түсуге шақырады. 7 сәуірде Оқушылар сарайында «Патриоттық-соғыс әндері театры» атты сайыс өткізіледі. Мақсаты - азаматтық партриотизмге тәрбиелеу және дәстүрлерді сақтау, ел тарихы мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ардақтау. Аталған сайыс 2 кезеңнен тұрады. Бірінші іріктеу кезеңінде қалалық мектеп, лицей, гимназия, колледждердің балалар мен жасөспірімдер шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салады. Іріктеу кезеңінде соғыс жылдарындағы әндерге сахналық қойылымдар көрсетіледі. Әділ қазылар алқасы әр сайыскердің вокалдық шеберліктерін, орындалатын туындыға байланысты өз бағасын беретін болады. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 15 сәуірде негізгі ІІ кезеңге 7 сахналық көрініс жолдама алады. Ал ең үздік деп танылған көріністер гала-концертте көпшілік назарына ұсынылады. Шара барысында оқушылар арнайы безендірілген шағын автобуспен ардагерлердің үйіне барып, «Далалық поштаға» жиналған оқушылардың хаттарын таратады. Акция 2015 жылдың 6 мамырында өтетін гала-концертпен қорытындыланады.