Астанада қоқыстардың 75 пайызы қайта өңделетін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада тұрмыстық қалдықтардың 75 пайызы қайта өңделуі ықтимал. Бұл жайлы «Жасыл өсім» форумында Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада қоқыстардың 75 пайызы қайта өңделетін болады

«Қала халқының саны жылына 50 мың адамға өсіп келеді. Осыдан 15 жыл бұрын ғана Астанада 200 мың адам тұрған болатын. Қазіргі шаһар халқының саны - 1,2 миллион. Бұл өте жауапты міндеттерді жүктейді. Өткен жылдан бастап біз серіктестермен мемлекеттік-жекешелік серіктестікті нығайтып, қайта өңдейтін зауыттардың жұмысына баса назар аудара бастадық. Олар біздің қалада қоқысты бөлу мен қайта өңдеу бойынша зауыттарды да ашып жатыр. Біз алдағы екі жылда қаладағы қоқыстардың 75 пайызын қайта өңделетіндей жұмыс жүргіземіз», - дейді қала әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, қала басшылығы энергияны сақтай отырып, қалдықтарды азайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырмақ.

«Жасыл облигацияларды қолдау арқылы қарастырып, жүзеге асырғалы жатқан жобалардың бірі - Астананы жарықтандырудың «ақылды жүйесі», - дейді Бектұрова.

Оның сөзіне сенсек, 31 шілдеге дейін Астана шаһары Малайзия, Қытай, Ресейден келетін және жергілікті компаниялардан ұсыныстарды қабылдауға дайын болады.

«Бізде біршама жобалардың тізімі дайын», - деп түйді Малика Бектұрова.