Астанада көлік қозғалысы шектеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 желтоқсанда «Астана-Арена» стадионында эстрадалық әнші Қайрат Нұртастың «Мен ғашықпын» атты жеке концерті өтеді.

Астанада көлік қозғалысы шектеледі

Кеш қонақтары Тимати, Нюша, Индира Елемес сияқты белгілі әншілер болмақ. Сатылған билеттерден түскен қаражаттің бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. Бүгінде 21 000-нан астам билет сатылған. Концертке билетті ticketon.kz, kassir.kz сайттарында, сондай-ақ «Астана-Арена» стадионының кассасынан сатып алуға болады.

Астана қалалық ІІД ақпаратына сәйкес, елорданың ІІД ӘПБ қоғамдық көлік пен таксиден басқа көлік қозғалысын шектеу шараларын қабылдайды. Сағат 17.00-ден бастап шара аяқталғанға дейін Керей Жәнібек хандар көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейін учаскеде Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары жабылады. Ұсынылатын айналма маршрут - Орынбор көшесі бойынша. Астана ІІД ӘПБ концертке келгісі келетін көлік иелерінен өз көлігімен емес, қоғамдық көлікпен келуді өтінеді. Тәжірибе көрсеткендей, «Астана-Аренада» осындай спорттық-бұқаралық, мәдени шаралар өткенде көрермендерді тасудың негізгі түрі ретінде қоғамдық көлікті пайдалану өз тиімділігін дәлелдеген. Көрермендерді жинау мен концертке жеткізу мына мекенжайлар бойынша арнайы рейстермен алты пунктте жүргізіледі: «Қазақстан» СК алдынан, (Қажымұқан көшесі бойынша); «Хазірет Сұлтан» мешіті (Қошқарбаев даңғылы бойынша); «Нұр Астана» мешіті (шығыс жақтағы автотұрақтан); елордалық цирк маңынан (Қорғалжын тас жолы бойынша автотұрақ); Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион аватотұрағынан (Кенесары көшесі бойынша); «Жастар» театры жанынан (бұрынғы опера театры, Затаевич көшесі). Арнайы рейстік автобустарда билет құны: ересектерге - 90 теңге, 15 жасқа дейінгі балаларға - 40 теңге, жол жүру билеттері жарамсыз. Жоғарыда айтылған 6 нүкте бойынша арнайы рейстік автобустар жүреді, сондай-ақ №10, 12, 27, 28, 30, 40, 43, 51, 61 маршруттары қатынайды, деп атап өтті елордалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.