Астанада көлік құралына салық төлеу үшін VIN-код болуы тиіс - Салық департаменті
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Елордада көлік құралына салық төлеу үшін VIN-код болуы тиіс, деп хабарлайды astana.kz қалалық Салық департаментіне сілтеме жасап.
«2013 жылғы 8 қаңтардағы № 64-V «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, 2013 жылғы 1 шілдеден бастап көлік құралына салық төлеу үшін төлем құжаттарын қабылдау барысында Салық кодексінің 581 бабының 3-1) тармақшасындағы норма бойынша банк операцияларының жеке түрлерін жүзеге асыратын банктер мен ұйымдар көлік құралының сәйкестендіру нөмірінің дұрыс көрсетілуін бақылауға міндетті»,- делінген елордалық Салық департаментінің сайтында жарияланған ақпаратта.
VIN-код жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша орталық атқару органының мәліметтеріне сәйкес болуы тиіс.
Жеңіл көліктердің шанағының нөмірлері және жүк көліктерінің шасси нөмірлері олардың VIN-кодтары болып табылады»,делінген ведомство ақпаратында.