Астанада көлік тұрағы кеңістігін басқару жобасы іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ақылы көлік тұрағы жүйесін енгізу бойынша «Астананың көлік тұрағы кеңістігін басқару» жобасы іске қосылды.

Астанада көлік тұрағы кеңістігін басқару жобасы іске қосылды

Жобаның алғашқы кезеңі «Нұржол» желекжолында жүзеге асырылып, бүгінгі күні 472 тұрақ орыны белгіленіп отыр. Автотұрақтардың жұмыс реті, ақы төлеу тәртібі туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақылы көлік тұрақтары жүйесінің жұмысын үйлестіру және қызмет көрсету сапасына бақылау жүргізуді диспетчерлік орталық жүзеге асырмақ. Биыл елордадағы Есіл, Сарыарқа және Алматы аудандарының аумағында 9 мыңнан астам көлікке арналған тұрақ құрылатын болады.

Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, ҚР Президентінің қатысуымен 2016 жылдың 27 сәуірінде өткен кеңесте Елбасы ақылы көлік тұрағы жүйесін ұйымдастыру бойынша нақты міндет қойған. Елорда әкімдігі осы тапсырманы орындау үшін жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізіп, сынақ жобаларды тексеруден өткізіп, барлық артық жақтары мен кемшін тұстарын саралаған.

«Автокөлік иелеріне тұрақ ақысын төлеудің баламалы нұсқаларының мол мүмкіндіктері ұсынылып отыр. Атап айтқанда, паркомат арқылы қолма-қол ақша немесе банк картасымен төлеу, SMS жолдау немесе жеке кабинет арқылы төлеу, «Касса 24» терминалдары және арнайы мобильдік қосымша көмегімен төлеу мүмкіндіктері қарастырылған. Тұрақ ақысы таңғы 8-ден кешкі 20:00-ге дейін сағатына - 100 теңге. Төлемақы тұрақ сессиясы басталған сәттен бастап, алғашқы отыз минут ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлікті қалдыру тегін», - дейді Бекмырза Игенбердинов.

Басқарма басшысының айтуынша, паркоматтар орналасқан орындар, оларды пайдалану тәртібі және төлем тәсілдері туралы толығырақ мәліметті www.2888.kz сайты немесе 8-7172 57 64 81 нөміріне хабарласып білуге болады. Тұрақ қызметін тегін пайдалану құқығына ҰОС ардагерлері, көліктерін арнайы бөлінген орындарға қоятын бірінші және екінші топ мүгедектері, «Алтын Қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерінің иегерлері, «Алтын Алқа» және «Күміс Алқа» тағынған көп балалы аналар, Семей ядролық полигонында жүргізілген сынақтардан зардап шеккендер, сондай-ақ, Ауғанстандағы және басқа да елдердегі әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен мүгедектер ие.

«Жаңа жоба көлік магистральдарын жүйесіз тұрақтардан арылтып, қозғалысы көп көшелерде көлік көптелістерін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көптеген жүргізушілерді қолжетімді көлік тұрақтарымен қамтамасыз етеді. Қаламызда қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған осындай тұрақтың жағымды үлгісі ретінде «Астана» теміржол вокзалы аумағындағы ақылы тұрақты айтуға болады. Бұл жерде автокөліктің өту және қозғалыс қабілеті бірнеше есеге артты, кептеліс азайды. Енді жүргізушілер, бұрынғыдай тәулік бойы заңсыз таксишілердің көліктерінен босамайтын тұрақтан орын таба алмай шыр айналып жүрмейтін болды», - дейді Бекмырза Игенбердинов.