Астанада көлік ұрламақ болған азамат оқиға орнында қолға түсті
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Астаналық жол полициясы қызметкерлері көлік ұрлығының алдын алды.
Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 25 наурыз күні болды.
Қарасай батыр көшесінің бойында орналасқан № 36 мектептің жанында, белгісіз біреу қара түсті «Mercedes-Benz» көлігінің есігін бұзғалы жатқандығы жөнінде хабар Жедел басқару орталығына түнгі сағат бір жарым шамасында келіп түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде күдікті «Mercedes-Benz» көлігінің ішінде отырған. Ол көліктің жүргізуші отыратын жағындағы артқы терезесін сындырған. Тексеру кезінде 1988 жылы туған азаматтың бұл көлікке қатысты ешқандай құжаттарының жоқ екендігі мәлім болды. Яғни, «Mercedes-Benz» өзгенің көлігі болып шықты. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында күдікті «Сарыарқа» аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді.