Астанада көліктер үшін теміржол өткелі жабылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада теміржол өткелімен көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы Ішкі істер департаментінен хабарлады.
Теміржол бойында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Жаңажол көшесінің Ақжол көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі бөлігінде теміржол өткелі жабылды. Яғни 29 қазан күнгі сағат 23:00-ден 30 қазан күнгі 6:00-ге дейін көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс толықтай шектеледі.
«Қала жолдарында кептелістер туындамас үшін елорда тұрғындары мен қонақтарына өз қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес береміз», - делінген таратылған хабарламада.
Полициядан атап өткендей, жабық теміржол өткелін айналып өту үшін Малахов, Өндіріс көшелері мен солтүстік айналма жолды пайдалануға болады.