Астанада «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бойынша халыққа арналған тұрғын үйді сату тетіктері талқыланады

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - 11 маусымда Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапхананың ғимаратында «Қолжетімді тұрғын үй-2020 бағдарламасы бойынша халыққа арналған тұрғын үйді сату тетіктері» тақырыбында клубтың кезекті отырысы болады.

Астанада «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бойынша халыққа арналған тұрғын үйді сату тетіктері талқыланады

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2012 жылғы 27 қаңтарда берген тапсырмасын іске асыру мақсатында қабылданды.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы 9 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бағдарламада қазақстандықтардың әртүрлі санаттарға бағдарланған нақты, пәрменді тетіктері көзделген. Бұл - жергілікті атқарушы органдардың кезектегілерге арналған тұрғын үй, ҚР Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі желісі бойынша тұрғын үй, «ҚИК» АҚ тұрғын үйі, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйі құрылысы бағдарламалары және т.б.

Бізге осы бағдарламаның аталған операторлары тұрғын үй сатудың қандай тетіктерін ұсынады? Бағдарлама қатысушылары үшін интернет арқылы тұрғын үй сату тетігі қолайлы ма? Кезекті жалғастырудың ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі? Жылжымайтын мүлік қоры «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде қандай жылжымайтын мүлікті ұсынады? Қай қалаларда? Осы және басқа да мәселелерді клубтың жетекшісі Нұрлан Ерімбетов шақырылған сарапшыларға талқылау үшін ұсынады.

«Сарапшы» клубының отырысына мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтар мен БАҚ-тардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, журналистер қатысады.

«Самұрық-Қазына» АҚ жанынан 2011 жылы құрылған «Сарапшы» клубы - бұл республикада болып жатқан барынша маңызды проблемалар мен әлеуметтік-экономикалық үдерістерді талқылауға арналған ашық ақпараттық және талдамалық алаң.