Астанада көмір тапшылығы жоқ, баға тұрақты - әкімдік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов көмір сатылатын орынға барып, бағаны бақылап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаланың әртүрлі бөліктерінде 11 орында көмір сататын 8 компания бар, көмірдің барлық түрлеріне баға бекітілген. Орташа құны жеткізуді қоспағанда - 12 мың теңге. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көмір бағасын көтермеу және делдалдардың көмір компанияларымен келісіп сыбайласып кетуіне жол бермеу туралы тапсырма берді.

«Бек-Аида» ЖК сату менеджері Дулат Құсайынов атап өткендей, көмір сату орындарында тапшылық болған жоқ.

«Көмір сататын компаниялар мен әкімдіктің көмірді алдын ала сатып алу туралы уақтылы жүргізілген ақпараттық жұмысының арқасында ешқандай дүрлігу мен кезек болмады. Тұрғындар көмірді жазда сатып ала бастады, қазір де келіп жатыр, көбісі алғашқы қарға дейін сатып алған. Баға бекітілген», - деді Д.Құсайынов.

Елордада жыл сайын 500 мың тоннадан кем емес көмір тұтынылады. Бүгінге шамамен 250 мың тонна көмір жеткізілді, көмірдің қоры - 18 мың 300 тоннадан асады.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов көмірдің бағасы мен сапасын әрі қарай да бақылауда ұстау керектігін айтты. «iKomek109» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жанында қауырт желі іске қосылды. Онда әр тұрғын сату орнындағы көмірдің бар-жоғын, бағасы мен түрлерін сұрап біле алады.

Сондай-ақ, қаладағы көмірге қатысты ақпарат қалалық және аудандық әкімдіктердің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланып отырады.

Соңғы жаңалықтар