Астанада коньки тебуден Қазақстан чемпионаты басталды

Еліміздің сегіз өңірінен келген 150 спортшы жақсы дайындықта болу үшін бапкерлерімен бірге үш апта бойы Астана қаласында жаттығуларын өткізді. Чемпионат қорытындысы бойынша халықаралық жарыстар мен жасөспірімдер турнирлерінде Қазақстан намысын қорғайтын құрамалар жасақталады. Бүгін жарыстың салтанатты ашылуы рәсімінен кейін спортшылар алғашқы қашықтықтарын бағындырды. Ертең мұз айдынға жарыстың кіл мықтылары шықпақ, олардың қатарында ұлттық құрама мүшелері - 2013 жылғы әлем чемпионы Денис Кузин мен әлем Кубогы кезеңінің қола жүлдегері Екатерина Айдова бар. Аталмыш чемпионаттың басты ерекшелігі ресми бағдарламаға жаңа тәртіптердің енгізілуі болып табылады. Қазақстандық коньки спортының тарихында алғаш рет командалық спринт өткізіледі. Бұл Халықаралық коньки спорты федерациясы ұйымдастырған қызықты да тартымды бағдарлама түрі. Ресейлік маман Сергей Клевченя басқарған ҚР жастар құрамасының ел біріншілігіне алғаш рет қатысып отырғандарын да атап өткен жөн. «Алау» мұз айдыны сарайы барлық елорда тұрғындарын қазанның 24-інде сағат 11:00-де өтетін чемпионаттың қорытынды күнінде спортшыларды қолдауға шақырады. Жарыс аяқталған соң бұқаралық сырғанаулар өткізіледі.