08:53, 18 Қазан 2017 | GMT +5
Астанада конькиден Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Алау» спорт кешенінде коньки спортынан ел біріншілігі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел біріншілігіне еліміздің 8 облысынан жалпы 150-ге жуық конькиші бақ сынауда. Бұл чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар қараша айында бастау алатын Әлем кубогына жолдама алады.
Ал Әлем кубогында бағы жанған мұз айдын шеберлері келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болары анық. Сол үшін ел біріншілігінде барлық спортшылар барынша өнерлерін пәш етуге асығары сөзсіз.
Кеше, жарыстың әйелдер арасында бірінші күні Екатерина Айдова 500 метрлікте (38,91 секунд) ең үздік нәтиже көрсетсе, ерлер сынында Роман Креч (35,22 секунд) топ жарды. Бүгін орта қашықтықтағы чемпиондар анықталады.