Астанада Конституция күні мерекелік отшашу болады
АСТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада Конституция күніне орай 30 тамыз сағат 22:00-де мерекелік отшашу болады,
деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, тиісті бұйрыққа ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қол қойған.
Одан бөлек, 30 тамызда «Қазақ елі» монументінің алдында ҚР Конституциясы күні мерекесіне арналған әскери шеру өтеді. Шеруге 2,5 мыңнан астам әскери қызметкер қатысады. Алаңнан салтанатты түрде Қазақстанның құрлық әскерлері, Әуе қорғаныс күші мен Әскери-теңіз күштерінің, сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктерінің жасақтары жүріп өтеді. Сонымен қатар биыл тұңғыш рет бас алаң арқылы өтетін шеруге әйел-әскери қызметкерлер ротасы, сонымен қатар толық қаруланған тау-атқыштар ротасы қатыспақ. Астана аспанына қазақстандық авиацияның «Алатау» және «Жетісу» пилотаждық топтары көтеріледі.
Офицерлік құрылым алаң арқылы салтанатты әскери киіммен, қалғандары жорық киімдерін киіп өтеді. Ракеташылар, артиллеристер, жаяу әскер мен десантшылар алаңға толық әскери жабдықтарымен шығады.