11:41, 19 Қазан 2013 | GMT +5
Астанада контрафактілі өнімді заңсыз саудалайтын 16 орын анықталды
АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат - Астанада контрафактілі дыбыс-бейне жазу өнімдерін заңсыз сататын 16 орын анықталып, жалпы сомасы 1 635 000 теңгені құрайтын DVD/СD форматындағы 3270 дискі тәркіленді. Бұл туралы Әділет департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап astana.kz хабарлады.

Жедел алдын алу іс шарасы барысында контрафакт өнім таратқан 16 азамат ұсталды. «ҚР қылмыстық іс-жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес, 19-35 жастағы тұлғалар және тәркіленген заттар процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жеткізілді», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, жедел алдын алу іс шаралары қоғамның жоғары қызығушылығын тудыратын контрафактілі дыбыс-бейне өнімдерін заңсыз іске асыру фактісін анықтау және алдын алу мақсатында қолға алынды. Аталған шараларды Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлімі Астана қаласы Алматы ауданы ІІБ 3-ПБ, Сарыарқа ауданы ІІБ 23-ПБ және Сарыарқа, Алматы аудандарының Әкімдігімен бірлесіп, орталық базар және «Артем» сауда үйінің аумағында өткізілді.