Астанада көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды
Алты баланы дүниеге әкелген А. Әлімжанова, Г. Бірмағанбетова, Ю. Бухарева, Л. Қойлыбаева, С. Мұқажанова, А. Оспанқұлова, А. Садырова, М. Тоғжанова және М. Шәкірт «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды. «Алтын алқа» наградасына жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеген Бақыт Ағытаева, Баян Ахметбекова, Нұрзат Болатқан және Әсел Жарымбетова ие болды. Құрметті атақты ардақты аналарға «Алматы» ауданының әкімі Бекбол Сағын табыс етіп, оларға еліміздің демографиялық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық пен отбасыларының амандығын тіледі.
Еске салайық, «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» ҚР заңына сәйкес «Күміс алқа» медалі алты баланы дүниеге әкеліп, алтыншы бала бір жасқа толған соң және басқа балалар тірі болса беріледі. Ал жеті және одан көп баласы бар аналар соңғы бала бір жасқа толғаннан кейін «Алтын алқа» медалімен марапатталады. Айта кетейік, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» Қазақстан Республикасының ордені мәртебесіне ие. 2010 жылдан бері алты және одан көп бала тәрбиелеп-өсірген аналарды марапаттау салтанаты өткізіліп келеді.