Елордада көпқабатты тұрғын үйдің орнына сквер салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада көпқабатты тұрғын үйдің орнына сквер салынады. Сонымен қатар Мыңжылдық аллеясы басты қоғамдық орындардың біріне айналады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.
«Астанадағы Нәжімеденов көшесіндегі 18 қабатты ғимараттың орнына сквер салу туралы шешім қабылданды. Мыңжылдық аллеясы Астанадағы жаңа тартымды орталыққа айналады. Әкімдік елордада демалуға арналған жайлы аймақтар құру, көгалдандырудың кешенді жүйесін іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет. Бұл елорданың жаңа тынысын ашуға мүмкіндік береді», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Премьер-Министр ұқсас жағдай Алматыда да қалыптасып отырғанын айтты.
«Алматы қаласында тұрғындар үшін қолайлы орта жасау жұмыстары белсенді жүруде. Мысалы, Байсейітова көшесіндегі қараусыз қалған аумақ саябаққа айналды. Биыл әкімдік жаңадан 3 саябақты пайдалануға беріп, 3 саябақты күрделі жөндеуге тиіс. Тұрғындар орынсыз құрылыс салуға, қаланың тарихи аудандарында тығыз құрылыс жұмыстарын жүргізуге және ағаштарды кесуге қарсы шығып жатқаны мәлім», - дейді ол.
Сондай-ақ Үкімет басшысы құрылыс алдында тұрғындардың пікірін ескеру керектігін айтты.