Астанада көпқабатты үйден шыққан өрт үш сағатта әрең сөндірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Тілсіз жаумен күреске төтенше жағдайлар мамандарынан бөлек, полиция мен жедел жәрдем қызметі тартылған. Толығырақ Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева айтып берді.

«180 шаршы метрді шарпыған өрт сағат 18:06-да ауыздықталып, сөндірілді. ТМЖ мамандарының көмегімен 10 адам сыртқа шығарылды, оның ішінде 6 ересек және 4 бала бар. Кейбір тұрғындар өрт аумағынан өздері шығып үлгерді. Қазіргі жағдай бойынша зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлері мен психологтар көмекке дайын тұр», — деді Динара Нұрғалиева оқиға орнында Kazinform агенттігі тілшісінің сауалына жауап бере тұрып.
Оның айтуынша, тілсіз жаумен күреске 90-нан астам өрт сөндіруші және 20 техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ, ТЖМ өкілі қазір өрттің шығу себебі анықталып жатқанын мәлім етті.
Бұған дейін агенттік тілшісі оқиға орнынан фоторепортаж жасаған еді.
Еске сала кетейік, бүгін астанада көпқабатты үйдің 26-қабатынан өрт шықты.
8 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланып, арнайы штаб құрылды.
Құтқарушылар өртенген үйдің әрбір пәтерін тексеріп жатыр.