Астанада көппәтерлі тұрғын үйлерде энергия үнемдеу және терможаңғырту мәселелері бойынша семинар өтуде
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі мен
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Көппәтерлі тұрғын үйлердегі энергия үнемдеу және терможаңғырту: проблемалары, олардың шешімдері мен перспективалары» тақырыбында екікүндік республикалық семинар өтуде.
Семинар Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын түсіндіру және көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу тәжірибесімен танысу мақсатында өткізілмек.
Семинарға қатысуға еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан энергетика және ТКШ басқармаларының, тұрғын үй инспекциясының, ПИК қауымдастықтарының басшылары, кондоминиум объектілерін басқару органдарының, басқарушы және сервистік компаниялардың, коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері шақырылды. Олар үшін Бағдарлама шеңберінде жөнделген көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша және Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындары мен нысандарына экскурсиялар ұйымдастырылып, тұрғындармен әңгімелесуге мүмкіндік жасалмақ.
«Семинардың негізгі мақсаты осы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы арқылы іске асырылып жатқан шараларды көрсетіп, өзара тәжірибе алмасу», - деп атап өтті «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Білім тарату орталығының жетекшісі Есенбай Исламов.
Шараға қатысушылар ең алдымен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ жанындағы Энергия үнемдеу және білім тарату орталығының жұмысымен танысты. Одан кейін жөндеу жұмыстары жүргізілген бірнеше көппәтерлі тұрғын үйлерге ат басын тіреу жоспарланған.
Сондай-ақ, семинарға қатысушылар «АстанаТеплоТранзит» АҚ мен «Астана Су Арнасы» АҚ базаларында болып, ондағы жылу және суды үнемдеуге арналған заманауи құрылғылармен танысады деп күтілуде.
Ертең ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Тұрғын үй шаруашылығы департаментінің директоры Василий Маслов, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков, сондай-ақ Эстония мен Беларусь елдерінің жетекші сарапшылары - Kinnisvarakeskkonna Ekspert OU Басқарма мүшесі Мээлис Пяаро мен Тұрғын үй институты - С.С. Атаев атындағы ҒЗЖТҚИ бас директоры Владимир Пилипенко сынды мамандар энергия үнемдеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту жайында баяндама жасайды.