Астанада көппәтерлі тұрғын үйлердегі энергия үнемдеу және терможаңғырту мәселелеріне арналған республикалық семинар өтеді

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - 11-12 қыркүйек күндері Астанада «Көппәтерлі тұрғын үйлердегі энергия үнемдеу және терможаңғырту: проблемалар, олардың шешімдері мен перспективалар» тақырыбында екікүндік республикалық семинар өтеді.

Астанада көппәтерлі тұрғын үйлердегі энергия үнемдеу және терможаңғырту мәселелеріне арналған республикалық семинар өтеді

Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Семинар ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын түсіндіру және көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу тәжірибесімен таныстыру мақсатында өткізілмек. Семинарға қатысуға энергетика және ТКШ басқармаларының, тұрғын үй инспекциясының, ПИК қауымдастықтарының басшылары, кондоминиум объектілерін басқару органдарының, басқарушы және сервистік компаниялардың, коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері шақырылды. Олар үшін 2011-2020 жылға дейінгі Бағдарлама шеңберінде жөнделген көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша және Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындары мен нысандарына экскурсия ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, қатысушылар семинар күндерінде  С. Сейфуллина атындағы ҚазАТУ жанындағы Энергия үнемдеу және білім тарату орталығына барады.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Тұрғын үй шаруашылығы департаментінің директоры Василий Маслов пен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков баяндамалар жасайды деп күтілуде. Сондай-ақ Эстония мен Беларусь елдерінің жетекші сарапшылары - Kinnisvarakeskkonna Ekspert OÜ Басқарма мүшесі Мээлис Пяароның, Тұрғын үй институты - С.С. Атаев атындағы ҒЗЖТҚИ бас директоры Владимир Пилипенконың, Тұрғын үй институты - С.С. Атаев атындағы ҒЗЖТҚИ бас директорының бірінші орынбасары Леонид Данилевскийдің баяндамалары күтілуде.

Семинарды ұйымдастырушылар - ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ.