Астанада көпсалалы сауда-логистикалық орталық бой көтереді
Орталықта 80 мың шаршы метрлік 7 павильоннан тұратын ірі заманауи базар, логистикалық терминал болады. 120 мың шаршы метр аумақты алатын логистикалық терминал кешенінде азық-түлік өнімдерін сақтайтын құрғақ климаттық қойма бой көтереді. Сондай-ақ, Астанада тұңғыш рет жеміс-жидек пен көкөністі бір жылға дейін сақтауға мүмкіндік беріп, газбен реттелетін қойма да салынады.
«Қойма мен сауда орталықтары 85 гектар жерді алып жатыр. Жоба құрылысы 2014 жылдың сәуірінде басталып, 2017 жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Биыл алғашқы логистикалық кешен мен 2 сауда павильоны пайдалануға беріледі», - дейді құрылыс компаниясяның өкілі Вячеслав Запорожец.
Кешеннің үшінші бөлігінде сауда-саттық өрбиді. Автомолл, киім-кешек, тұрмыстық тауарлар мен құрылыс заттарын да бір жерден табасыз. Сондай-ақ болжам бойынша 2017 жылы бұл орталыққа күніне 100 мың адам келеді.
«Айта кетерлігі, мұндай ірі кешен Мадрид пен Парижде бар екен. Шетелдік компаниялардың озық үлгісін пайдалана отырып салынатын кешен 3 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтымақ. Осылайша сапасы төмен жабайы базарлардың жабылуына сеп болатын кешен делдалсыз ауылшаруашылық азық-түлік өндірушілердің кәсібін дөңгелетуді мақсат етеді» делінген хабарламада.