Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада көптеген мұз айдындары мен сырғанақтар жұмыс істеп тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қысқы демалысты ұнататындар үшін ашық мұз айдындары мен сырғанақтар, мұз қалашықтары, шаңғыроллерлік трассалар ашылған, деп хабарлайды Астана қалалық әкімдігінің сайты.

Астанада көптеген мұз айдындары мен сырғанақтар жұмыс істеп тұр

«Отбасыңмен бірге таза ауада демалғың келсе, «Хан Шатыр» СОО жанындағы мұз қалашығына баруға болады. Елорда әкімдігінің алдындағы алаңға, «Жерұйық» паркінде және Оқушылар сарайының жанында мұз айдындары жасалды. Жаңа жыл қарсаңында «Арай» паркінің аумағында жалпы ауданы 5 мың шаршы метрлік мұз айдыны ашылды. Онда медициналық пункт, дәмхана, радиорубка, конькиді жалға алатын орын, сондай-ақ, жылынатын жер бар, LED-экран орнатылған. Конькиді жалға алу құны - сағатына 500 теңге», деп көрсетілген жазбада.

«Есіл» ауданы аумағында Шығыс Ильинка және Пригородный тұрғын алаптарында тағы да екі мұз айдыны жасалмақ. Бұдан басқа, қалалық мектептердің жанында шағын 11 мұз айдыны бар.

10 қаңтарда Ақбұлақ өзенінде де үлкен мұз айдыны ашылады. Ал «Отан Қорғаушылар» монументінің жанында, Есіл өзенінің жағасында сырғанақтар бар. Көктал және Өндіріс тұрғын алаптарында, 188-ші көше мен Бәйсейітова, 3 көшесінде де қосымша сырғанақтар жасалады.

«Ашық мұз алаңдарынан басқа, «Алау» мұз айдыны сарайына баруға болады. Онда 2-10 қаңтар аралығында жаңа жылдық жаппай сырғанау марафоны өтеді. Таңғы сағат 09.00-ден кешкі сағат 23.00-ге дейін кәсіби мұз айдынында коньки тебуге болады. Мереке күндері «Алау» мұз айдынына 14 мыңнан астам адам барған. Кіру құны сеансқа байланысты 250-ден 1500 теңгеге дейін», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, шаңғы тебуді ұнататындар әр демалыс сайын елордалық паркте өтетін дәстүрлі жарыстарға қатыса алады.