Астанада Қордай мен Айнакөл көшелерінің қиылысы уақытша жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — 17–21 қараша аралығында елорданың Алматы ауданындағы Қордай мен Айнакөл көшелерінің қиылысында инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі мәлім етті.
Осыған байланысты аталған учаскеде автокөлік қозғалысы уақытша тоқтатылады.
— Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысын ұйымдастырудағы уақытша өзгерістерді ескеруді сұралады, — деп ескертті әкімдіктен.
Айта кетейік, 7 қарашадан бастап Астанада автобус жолағын пайдалану тәртібі өзгерді.
Сондай-ақ елордада Алматы көшесінде көлік тоннелінің құрылысы жалғасып жатқанын жаздық. Аталған учаскеде көлік қозғалысын 2027 жылдың соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Көлік тоннелі Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі аралықты жалғамақ. Бүгінде аумақта инженерлік желілерді көшіру, аумақты дайындау және бұрғыланған қадаларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.