Астанада Кореяның танымал балет труппасы өнер көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарт - Корейлік танымал Universal Ballet труппасы елордада 26 және 27 маусым күндері өнер көрсетеді. Труппаның гастрольдік қойылымы Eurasia Dance Festival Халықаралық балет өнері фестивалі аясында өтеді, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұжым Начо Дуато, Раймондо Ребек, Охад Нахарин сынды шоқтығы биік қазіргі заманғы хореографтардың авторлық балеттерін ұсынады. «This is modern» кешінің бағдарламасына «Эльф», «Ақ түс», «Минус 7» атты танымал қойылымдар енді.
«Біз Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетудеміз. Қазіргі таңда труппада шамамен 60 әртіс жұмыс жасайды, ал гастрольдік сапарға 35 керемет биші шығатын болады. «Астана Опера» көрермендеріне арналған гастрольдік репертуарға қосылған балеттерді біз жыл сайын Korean ballet festival (Сеул) фестивалінде көрсетіп келеміз. Бұл шағын спектакльдерді көрермендер өте жақсы көреді әрі асыға күтеді, сондықтан біз сол қойылымдарды сіздерге де алып келіп, көрсетуді ұйғардық. Әлем бойынша өнерсүйер қауым өкілдері ыстық ықыласпен қабыл алғандай, қазақстандық көрермен де өзінің оң бағасын берер деп үміттенеміз», - деп бөлісті Universal Ballet директорының орынбасары Тиен Рю.
Труппа Жапония, Колумбия, Түркия, Қытай, ОАР, Ресей, Франция, АҚШ, Канада, Оман және Сингапур қалаларында өнер көрсетіп, өзінің үшжылдық әлемдік турнесін тәмамдады.