Астанада көрнекті публицист С.Абдрахмановтың «Қашаған құрықтаған Қазақстан» атты кітабының таныстырылымы болды

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында көрнекті публицист, филология ғылымының докторы,

Астанада көрнекті публицист С.Абдрахмановтың «Қашаған құрықтаған Қазақстан» атты кітабының таныстырылымы болды

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың «Қашаған құрықтаған Қазақстан» атты кітабының таныстырылымы болды.

Аталмыш шараға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев пен бірқатар Парламент депутаттары, ақын-жазушылар, ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысты. Аталмыш шығарманың тұсаукесеріне жиналған қауым осы кітап пен оның авторына қатысты өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.

«Қашаған құрықтаған Қазақстан» атты жинаққа әлемнің 50-ден астам мемлекетінде болған көрнекті публицист С.Абдрахмановтың 2001-2010 жылдар аралығында шет елдерде болған кездерінде жасаған репортаждары мен мемлекет басшыларымен, белгілі қоғам қайраткерлерімен халықаралық саясатқа қатысты сұхбаттары жинақталған. Сонымен қатар онда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы атанып, халықаралық ұйымның Саммитін елімізде өткізу жетістігіне қол жеткізген Қазақстанның халықаралық аренадағы орны айшықты етіп көрсетілген. Кітапта тек ресми сапарлардың жай-жапсарлары ғана баяндалмайды. Автор өзі болған елдердегі тағылымды жайлар жөнінде де сыр шертіп, тәуелсіздігіміз туралы тұщымды ойларын ортаға салады.

Кітаптың алғы сөзін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.

Осы рәсімде сөйлеген сенатор Қуаныш Сұлтанов: «Сауытбек кезінде басқарушы партияның орталық комитетінде, кейіннен Үкімет аппаратында, Президент Әкімшілігінде, министрлікте, Қазақ телевизиясында басқарушы лауазымды қызметтер атқара жүріп, қаламынан қол үзген емес. Ол тіпті қаламгершілік қасиетінің өрісін кеңейтіп, зерттеушілік еңбекпен де айналысып келеді. Аудармашылығы мен поэзияға сарапшылығы да бар. Сауытбек өнімді де өсімді қаламгер», - деген жылы лебізін білдірді.