Астанада коронавирустың аздап өскені байқалады

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты. Бұл жайында Астана қаласының бас мемлекеттік санитария дәрігері Сархат Бейсенова айтты.

корона
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Қалада коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп санаймыз. Біз жасыл аймақта тұрмыз. Дегенмен, науқастанғандар тіркеліп жатыр. Біз апта сайын мониторинг жүргізіп, сырқаттану статистикасын тапсырамыз. Егер статистиканы қарайтын болсақ, желтоқсанда — 61, қаңтарда — 74 жағдай тіркелді. Соңғы апталарда 21 және 25 жағдайдан тіркеліп отыр. Яғни, желтоқсанда аптасына шамамен 13-15 жағдай болса, қаңтарда тіркелген науқастар саны 18 жағдайға артты. Ал ақпанда аздап өсім байқалып, аптасына 25 жағдайға дейін жетті», — деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, коронавирусқа шалдыққандар бір-бірімен байланыста болмаған. 

«Бүгінде стационарда 3 науқас ем алып жатыр. Қалған науқастарда клиникалық белгілері жоқ, амбулаторлық ем алу үстінде. Мұның үстіне мониторинг міндетті түрде жүргізіледі», — деді Сархат Бейсенова.

Соңғы жаңалықтар