Астанада көру жүйесі нашар балаларға арналған кабинет ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы әкімдігінің «№ 2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту кешенді істерін жүзеге асыру үшін Астана қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 11 шілдесіндегі №107-1140 қаулысымен құрылған. Соның негізінде Астана қаласы әкімдігі және «Дара» қорының қолдауымен Астанадағы №71 мектепте көру мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
Дамуы шектеулі бүлдіршіндер үшін арнайы жабдықталған кабинеттің нақты мақсаты айқын. Бұндай көзі көрмейтін балалардың саны Астана бойынша 20-дан асып отыр. Сонымен бірге 90-ға жуық көз ақауы бар бала мемлекеттік тіркеуде тұр. Ал үстіміздегі жылда 375 орындық тәрбиелеу-бейімдеу орталығы салынбақ. Соның бір қанаты арнайы көру жүйесі нашар балаларға арналады деп көзделуде.
Әзірге орталықта 40-тан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Үш айға созылатын жаттықтыру жұмыстарынан соң, қабілетін тексеру тестілеуінен өткен тәрбиеленушілерді шығарып, орнына кезекте тұрған балаларды қабылдаймыз деген кабинет меңгерушісі Айгерім Алмолдаева осында атқарылатын жұмыс жайлы толықтай түсті.
Жаңадан ашылған орталықтың аяғынан нық тұрып кетуі үшін де алда атқарылар іс аз емес. Солардың бірі - кабинетті зағип жандарға арналған компьютерлік құралдармен, арнайы принтерлер мен бағдарламалармен қамтамасыз ету. Бұл алдағы күндерде шешімін табар түйін.
«Ұлым дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұл қайдан болсын» дегендей, еліміздің ертеңі болар, бүгінгі бүлдіршіндерге қамқор болу бүгінгі күннің басты талабы. Астана қаласының әкімдігі бұл үдеден әрқашан шыға білуде.