Астанада «Қош келдің, Мәуліт!» рухани кеші өтеді
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ағымдағы жылдың 11 наурызында елордадағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр-Астана» Орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, Мәуліт!» рухани кеші өтеді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мерекелік кеште Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоевтың алғы сөзінен кейін, Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны және өсиеттері жайында уағыздар айтылады, Астана медресесінің 63 шәкірті мәуліт салауатын оқиды, иләһи ән-жырлар кеңінен шырқалып, «Әбу Тәліптің оқиғасы» атты сахналық көрініс қойылады. Сондай-ақ келушілерге «Мейірім жолы - 2010» қайырымдылық қорының игі істері таныстырылып, «Қоштасу хұтпасы» бейне ролигі көрсетіледі. Шара мақсатының бірі мұсылман жұртында діни сауаттылықты арттыру болғандықтан, оның барысында «Сүннетке беріксің бе?» сұрақ-жауап ойыны өткізілетін болады.
Сонымен бірге, қонақтар назарына «Мейірім жолы - 2010» қайырымдылық қорының көрме-жәрмеңкесі ұсынылмақ.
Рухани кештің басталу уақыты сағат 17:30-да, кіру тегін.