Астанада көшеге шығып, адасып кеткен 78 жастағы қария аман табылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сағат 14:00-де полицияға шағымданған қала тұрғыны күйеуінің таңғы сағат 10:00 шамасында Гете көшесіндегі үйінен шығып кетіп, әлі оралмағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоғалған 78 жастағы ер адамды іздеу жұмыстарына полицияның барлық жеке құрамы жұмылдырылған.
Зейнеткер баруы мүмкін барлық жерлер тексерілді, жақын аудандар мен дүкендер қаралды.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған іздеу жұмысы нәтижесінде қария Уәлиханов көшесіндегі «Астаналық» базары жақтан таабылды.
Қария осы уақытқа дейін көшеде жүріп, қатты тонған және қарны ашқан.
Қарт кісінің есте сақтау қабілетінен айырылғаны белгілі болды. Үйінен шығып кеткен ол қайтар жолды таба алмаған.
Ер адам туыстарына тапсырылды, қазіргі кезде оның жағдайы жақсы.
Қарияның туыстары полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ержан Сәденовтің атына алғыс айтты.
«Полицейлердің үйлесімді және кәсіби әрекеттері арқасында туысымыз тез арада табылды», - деді қарияның туыстары.