13:44, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 173 шетелдік азамат анықталды
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Өткен аптада Астана қаласының ірі сауда орындарында жүргізілген тексерістердің нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзған 173 шетелдік азамат анықталды.
Бұл туралы бүгін Астана қаласының Ішкі істер департаментінде өткен баспасөз мәслихатында Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Құсайын Сандыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, елордадағы «Артем», «Алтай», «Ажар» және тағы басқа жаппай сауда-саттық орындарында жүргізілген рейдтер барысында 1 715 шетелдік азамат тексерілді. «Көші-қон заңнамасын бұзған 173 адам анықталды. Осының нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 60 адам тартылып, 9 шетелдік азамат республика аумағынан шығарылды», - деді Қ.Сандыбаев. Көші-қон полициясы басқармасының бастығы атап көрсеткендей, бүгінде Астанада құрылыстың тоқтап қалуына байланысты шетелдік азаматтардың басым бөлігі елорданың сауда орындарындағы қара жұмысқа жалданып жатыр. Олардың арзан жұмыс күшін жергілікті жұмыс берушілер өз тарапынан пайдаланып қалуға мүдделі болып отыр. Осы уақытқа дейін шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 2 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.