Астанада «Көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аумағы 7 ауылдан тұратын фестивальде көшпенділер мәдениетін жетік меңгерген жаужүрек сарбаздар, мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар және музыканттар сан түрлі қойылымдар қойып, шеберлігімен тәнті етпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
None
None

Фестивальдің тұжырымдамасы Түркі халықтарының Үлкен Құрылтайы моделіне негізделген. Сәтті деп танылған шара Венгрияда 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді.

«Көшпенділер әлемі»  халықаралық фестивалі жеті ауылдан тұрады:

«Ақ мерген» ауылы көшпенділерден келе жатқан көне қару садақпен атудың шеберлерін анықтайды;

«Шабыт» ауылы түркі халықтарының этникалық музыкасымен таныстырады;

«Тайбурыл» ауылы «Көкпар тарту», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Асау» және тағы басқа ұлттық ойындарды паш етпек;

«Керуен сарайы» ауылы меймандарға көшпенділердің ас әзірлеу әдісі мен мәзірін ұсынбақ;

«Ақ сақа» ауылы «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Асық ату» және тағы басқа көшпенділердің дәстүрлі ойындарын көрсетіп, рухы мен болмыс-бітімі берік батырлар өз өнерін ортаға салады;

«Батыр» ауылы дала батырларының ежелгі шайқастарының қыр-сырымен таныстырады;

«Шебер» ауылы қолөнер шеберлерінің бұйымдарын паш етумен қатар, оны жасаудың сырымен бөліседі.

Қазақстан астанасының 20 жылдығына орайластырылған фестиваль аясында орта ғасырлардағы жаужүрек батырлардың бейнесі қайта «тіріледі», майдан даласындағы айқас көрсетіліп, көшпенділер мәдениеті паш етіледі.

Одан бөлек, Амазонкалардың өнері көрермендер есінде қалар қызықты қойылым болмақ дейді ұйымдастырушылар.

Халықаралық шараға Қазақстаннан өзге Венгрия, Болгария, Түркия, Украина, Башқұртстан, Якутия, Қырғызстан командалары қатысады.

 «Біз бұл фестиваль арқылы көшпенділердің дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, халықаралық статус алатын брендке айналдырғымыз келеді. Фестивальдің ерекшелігі - бірнеше жанрда болуы. Өзіміздің өнерпаздардан бөлек 100-ден аса шетелдік көшпенділер мәдениетін жаңғыртушылар қатысады. Айтулы шарада жалпы саны 5 мыңнан аса қонақ болады деп күтудеміз», - деді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев.
null

Фестивальді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы Комитетінің тапсырысымен және Астана қаласы Әкімдігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК АҚ ұйымдастыруда.

Этнофестиваль 30 маусым мен 1 шілде аралығында «Қазанат» ипподромының аумағындағы «Этноауыл» Ұлттық-мәдени кешені жанындағы алаңда ұйымдастырылады. Қала бойынша арнайы көлік қарастырылған. 

Соңғы жаңалықтар