Астанада көшпенділер өркениеті фестивалі ашылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін шымылдығын ашқан «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі елорда тұрғындары мен қонақтарын көшпенділер өркениетімен таныстырады. Аталған шара Астанада 9 жыл қатарынан өткізіліп келеді, оған 300-ге жуық әртіс қатысады. Мұнда өткен заманда киген киімдерді, декорацияларды, қолөнер шеберлерін және шабандоздарды көруге болады.

Астанада көшпенділер өркениеті фестивалі ашылды (ФОТО)

Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл келушілер назарына жаңа инсталляциялар және ең бастысы - музей ұсынылмақ.

«Биылғы фестивальдің ерекшелігі - бес киіз үйден жасалған көшпелілер музейі. Тағы да бір айта кетерлік жайт, түрлі инсталляциялар орнатылады: түркі халқының басын қосатын балбалдар, көшпенділердің тұрғынжайлары, атрибуттар. Көбі көшпенділер қалай тұрған деп сұрайды. Үйлері қандай болған, киімі. Осының барлығы фестивальде көрсетілген», - дейді «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінің екінші режиссері Арайлым Қалдыбаева.

Сонымен қатар, музейде көшпелі қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің артефактілері, ескерткіштері қойылған. Дәстүрлі тұрғынжай интерьері жасалып, ұлттық костюмнің түр-түрі, әшекейлер, тұрмыстық заттар, қару-жарақтар ұсынылады. Еліміздің мұражайларының қорларынан жиналған экспонаттар келушілерді Орталық Азиядағы көшпелілер өркениетінің әлемімен таныстырады.

«Мұнда жыл сайын келіп тұрамыз, Қазақ хандығы заманындағы батырлардың рөлдерін сомдаймыз. Мысалы, мен ата-бабаларымыз киген киімге ұқсайтын батырдың костюмін киіп тұрмын. Оның салмағы 27 кг», - дейді Алматы қ. «Арлан» театрының актері Алмас Калиуллин.

Көшпелілер өркениетінің орталығы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығына қарсы алаңда орналасқан және 6 шілдеге дейін ашық болады. Шара барысында келушілер назарына дәстүрлі музыка концерті мен ақындар айтысы, «Ат жалында» атты спорттық шоу, «Алтын сақа» жарысы, «Фольклордағы өмір» этношоуы, көшпенділер циркі ұсынылады, сондай-ақ, керуен сарай мен халықтық қолданбалы өнер жәрмеңкесін, музыкалық аспаптар көрмесін және т.б. аралауға болады.


Фото: Виктор Федюнин
© 2016 МИА «Казинформ»