Астанада Қосшы мен оң жағалауға арналған екі деңгейлі LRT станциясы салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында LRT желілері арасында ауысып мінуге арналған екі деңгейлі станция салу жоспарланып отыр. Бұл туралы City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев айтты.
— Бұл станция ауысып мінуге арналған. Мысалы, ескі вокзалдан Қосшыға бара жатқан жолаушы осы станцияда басқа пойызға ауысады, — деді Асылбек Дүйсебаев.
Оның айтуынша, LRT желілері арасындағы ауысу станцияның бірінші және екінші деңгейлерінде жүзеге асырылады.
— Барлық бағытты бір желіге біріктіруге болмайды, өйткені олар бір-біріне кедергі келтіреді. Қазір бізде әуежайдан жаңа вокзалға дейін бір ғана бағыт бар. Ал желілер қиылысқан кезде, шетелдегідей бірнеше тармақ пайда болып, олардың өз нөмірлері болады, — деді ол.
Еске салсақ, LRT-ның екінші кезеңін Қосшы бағытына салу жоспарланып отыр. Қаржыландыру уақытылы бөлінсе, бұл желіні 2027 жылы іске қосу көзделген.
Сонымен қатар Астанада LRT-ның жаңа бағытын қаланың оң жағалауына дейін, Астана-1 теміржол вокзалына дейін жүргізу жоспарланып отыр. Оның ұзындығы бірінші кезеңнен де ұзын болады, 26 шақырым. Бұл бағытта 22 құрам қатынайды.
Жаңа желіде барлығы 20 станция болады. Іске қосу мерзімі қаржыландыруға байланысты болмақ. Дегенмен мердігерлер құрылысты үш жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін LRT-ның бірінші кезеңі жолаушылар үшін 16–17 мамырда ашылатыны хабарланған еді. Көлік күн сайын сағат 06:00–ден 23:00–ге дейін жұмыс істейді.
Оператордың бағалауынша, LRT іске қосылған алғашқы кезеңде тәулігіне 25 мыңнан 45 мыңға дейін жолаушы тасымалдануы мүмкін.