Қосшыға дейінгі LRT желісі қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM — «City Transportation Systems» компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев Қосшы бағытына тартылатын LRT желісінің екінші кезеңінің құрылысы 2027 жылы аяқталуы мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, құрылыс қарқыны жобаның қаржыландырылуына байланысты болмақ.
— Техникалық тұрғыдан алғанда, жобаны келесі жылдың соңына дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Алайда бәрі қаржыландыру мәселесіне байланысты. Қазір біз қаржы ұйымдарымен осы жоба бойынша белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қызығушылық жоғары, сондықтан бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын, — деді ол баспасөз мәслихатында.
CTS басшысының айтуынша, жобаны LRT-ның бірінші кезеңін салған қытайлық компания жүзеге асырады. Қаржыландыру мәселесі толық шешілгенге дейін мердігер екінші желінің құрылысын өз қаражаты есебінен жүргізеді.
Сонымен қатар ол Қосшы бағытына тартылатын желінің нақты құны әзірге белгісіз екенін айтты.
— Әзірге Қосшы бағыты бойынша техникалық сараптама ғана дайын. Жақын уақытта барлық мәлімет нақтыланады, — деді Асылбек Дүйсебаев.
Оның айтуынша, жаңа желіде қазіргі бағыттағыдай LRT пойыздары қатынайды. Алайда вагондардың дизайны өзгеруі мүмкін.
Бұған дейін LRT құрылысының келесі кезеңі Қосшы қаласы бағытына жүргізілетіні хабарланған еді.
Айта кетейік, 12 мамыр күні LRT вагондары журналистерге таныстырылды.
Ал жолаушылар үшін желіні 16–17 мамырда ашу жоспарланып отыр.