Астанада қосымша құтқарушылар жасағы құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Суға шомылу маусымы кезеңінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қала әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, құтқарушылар жасағын құрды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Олар 26 маусымнан бастап күн сайын шомылу кезеңі аяқталғанға дейін Есіл өзені арнасы бойында рейдтер жүргізеді. Қазіргі уақытта бұл жасақ құрамы 4 адамнан тұрады.
Осы жылдың маусым айында Астана қаласының суда құтқару станциясының базасында ТЖ жою бөлімінің қызметкерлері және ОӨАЖҚЖ құтқарушылары қаламыздың құтқарушылар жасақтары бекеттеріне нұсқаулық жүргізді. Нұсқаулық барысында патрульдеу учаскелері анықталып, сондай-ақ суда жүзу қағидалары мен алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері түсіндірілді.
Суға шомылу маусымы басталды, сондықтан да арнайы жабдықталған орындарда шомылған дұрыс, атап айтсақ жағажайларда, бассейндерде және құтқарушылармен күзетілетін орындарда. Шомылу үшін рұқсат етілетін судың температурасының төменгі шегі +18°С, дені сау шыныққан адамдарға ауа температурсы + 22°С. Сонымен қатар судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау керек.
Құтқарушы жасағының бекеттері - су айдындарының жанында орналасады, олар демалушыларға қауіпсіздік қағидалары туралы түсіндіріп, су айдындарын аралап, суда жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін басқа да профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыратын болады. Жасақшылар тану жилеттерімен, бейджиктермен және радиостанциялармен жабдықталған және құтқарушылар мен полиция қызметкерлеріне шұғыл ақпаратты жеткізетін болады.