Астанада қойылатын «Мадам Баттерфляйда» Пинкертонның партиясын сицилиялық тенор А.Виллари орындайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пуччинидің ең үздік туындысы - «Мадам Баттерфляй» операсы 10 және 12 маусымда елордалықтар назарына ұсынылады, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
None
None

10 маусымда «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында сицилиялық тенор Анджело Виллари Пинкертонның партиясын орындаса, екі күннен кейін бұл рөлді операның жетекші солисі Мейір Бәйнешов алғаш рет шырқайды. Бас партияны 12 маусым күні бірінші рет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ сомдамақшы.

«Simone Alaimo, Bel Canto» Халықаралық вокалшылар байқауының бірінші сыйлық лауреаты Анджело Виллари музыка сыншыларының жоғары бағасына бірнеше мәрте ие болған. Opera News журналының тілшісі атап өткендей, тенор музыкалық қабілетімен, дауысының барлық диапазонда еркін шығуымен, сондай-ақ, ойлы әуенінің саздылығымен көрерменді баурап алады.

Афишада көрсетілгендей, аталған операны тек 10 жастан асқандар тамашалай алады. «Астана Опера» театрының жетекші солисі, мадам Баттерфляй партиясының орындаушысы Айгүл Ниязова бұл спектакльді әрбір адам, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буын көруге тиісті деп есептейді.

- Қазір, тәжірибелі әнші болғандықтан, жылдар бойы сахнада ән салғанымды ескерсек, Баттерфляй партиясын орындаудың уақыты жеткендігін түсінемін. Кез келген әнші үшін тұсаукесер күні өнер көрсету - үлкен жауапкершілік деп есептеймін, әйтсе де мен ойымдағыдай сомдап шықтым. Бірінші нотадан бастап, ең соңғы нотаға дейін күшіңді, эмоциялық динамикаңды сақтауың керек. Көрермен спектакльді анық әрі айқын қабылдауы үшін орындаушы әртістік шеберлікті жақсы меңгеріп, сомдайтын образына еніп кетуі керек, - дейді әнші.

Айгүл Ниязова аталған бейнені сезініп, орындап болса, Бибігүл Жанұзақ оны алғаш рет шырқайды. Бұл жерде төзімділік сынағына шыдау керек. Неге десеңіз, бұл моноопера болғандықтан, әншіге спектакль бойы сахнада болуға тура келеді.

- Бұл жалпы опералық репертуардағы ең қиын партиялардың бірі болғандықтан, қобалжып жүрмін. Чио-Чио-санның бояуы қанық сезімге толы тұстарын, арман қуған жас қыздың әйел-ана болғанға дейінгі өсу жолын жеткізу оңай емес, - дейді Бибігүл Жанұзақ.

Аталған спектакльде алғаш өнер көрсететіндердің тағы бірі - опера труппасының жетекші солисі Мейір Бәйнешов, әнші Пинкертон партиясын орындауға дайындалып жатыр. Жағымсыз кейіпкердің бейнесін сомдау - әрдайым қиын. Сюжет желісі бойынша барлық қайғылы оқиғалар лейтенанттың кесірінен туындайды.

Соңғы жаңалықтар