Астанада көзі көрмейтін мүгедек жандарды жұмыспен қамтуды көздейтін үш жақты құжатқа қол қойылды
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада көзі көрмейтін мүгедек жандарды жұмыспен қамтитын әлеуметтік жобаны іске асыру туралы үш жақты меморандумға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Құжатты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, «Қазақстан мүгедектері конфедерациясы» республикалық бірлестігінің директоры Иран Омарбеков және «Галлахер Қазақстан» ЖШС-нің бас директоры Анастасиос Ситсас бекітті. Атап өтерлігі, бұл Қазақстандағы мүгедектерді жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі алғашқы әлеуметтік жоба. Мақсаты ? көзі көрмейтін мүгедек жандар үшін Астана қаласында «қытай әдістемесі бойынша «емдік массаж» бен «ине терапиясын» үйрететін курстарды ұйымдастыру. Жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның мүгедектер конфедерациясы мен Қытайдың зағиптар институты арасындағы уағдаластық түрткі болған. Қытай институты «массаж жасаушы», «инемен емдеуші» және «фитотерапевт» мамандықтары бойынша білікті медициналық қызметкерлерді даярлайды. Қазақстандық зағиптарға мұндай мамандықтарды игеруге Қытайдан келген мамандар көмектесетін болады. Тәжірибе Астанадағы қазақ-қытай емханасында жүргізіледі. Мұндай мамандықты меңгеруге 1000-ға жуық зағип жандар ниет танытқан. Бастапқыда олардың 25-і тиісті мамандықтарды үйренетін болады. Г. Әбдіқалықованың айтуынша, келісім жобаға үш жақтың да қатысуын қарастырады. Мүгедектері конфедерациясы көзі көрмейтін мүгедек жандарды «массаж жасаушы», «инемен емдеуші» мамандықтары бойынша оқытуға, «Галлахер Қазақстан» компаниясы жобаның қаржылық шығындарын төлеуге, ал министрлік жоба аясында оқып-тоқыған мүгедектерді жұмысқа орналастыруға міндеттеме алып отыр. «Біз мүгедек жандарды жұмыспен қамтудың жаңа формасын қолға алуды жөн деп таптық. Менің ойымша бұл жақсы бастама. Біз басқа да бизнес қоғамдастықтармен, мүгедектер ұйымдарымен осы жұмысты жалғастыратын боламыз», деді өз сөзінде министр. Г. Әбдіқалықова Қазақстанда 466 мың түрлі топтағы мүгедек адамдар барын, олардың үштен бірі еңбекке қабілетті екендерін атап өтті. Ал «Қазақстан мүгедектері конфедерациясы» республикалық бірлестігінің директоры Иран Омарбековтың айтуынша, жоба бірден екі мәселені шешеді: бірі - мүгедектерді жұмыспен қамтуды, екіншісі оларға «емдік массаж» бен «ине терапиясы» мамандықтарын игеруді.