Астанада ҚР Ішкі істер министрінің қатысуымен Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды

Қатысушылар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, сұрапыл соғыста өмірлері қыршыннан қиылған жауынгерлердің рухтарына бір минуттық үнсіздік жасалды.
Рәсімнен кейін ардагерлер мен қала тұрғындары алдында полиция мен ішкі әскер гарнизонының таңдаулы бөлімдері шеп түзеп, салтанатты шеру жасап өтті.
«Қазақстандық әскерлер қан майданда қасық қаны қалғанша шайқасты. Осылайша, соғысқа кеткен әрбір екінші майдангер еліне оралған жоқ. Ұлы Жеңіс қарсаңында біз Ұлы Отан соғысының қатысушылары алдында басымызды иеміз. Қазақстандық полицейлер батыр бабалардың ізін жалғастырып, азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандықтарын қорғайтындығына мен кәміл сенемін», деп атап өтті Қ. Қасымов.
Мерекелік шарада ҰОС 20 ардагері, қаза болған майдангерлердің отбасы мүшелері мен тыл еңбеккерлері және оған теңестірілген тұлғалар қатысты. Шеруден соң, қатысушылар ІІМ мәжіліс залында ұйымдастырылған «Жеңіс жолымен» атты фотодеректі көрмеге бас сұқты. Онда олар ҰОС кезіндегі қару-жарақтармен, түрлі қызықты деректер мен экспонаттармен танысуға мүмкіндік алды.